Грузия премьері Кобахидзе Трамп пен Вэнске ашық хат жазды

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің фотоларынан коллаж.

Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе АҚШ президенті Дональд Трамп пен вице-президенті Джей Ди Вэнске ашық хат жолдады. Хат мәтінін ол өзінің Facebook парақшасында жариялады деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі.

Кобахидзе осыдан бірнеше апта бұрын Ақ үйге АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен қарым-қатынасты "жаңа парақтан" бастағысы келетіні туралы жазған хатына жауап алмағанын айтқан. Бұған таңданыс білдірген ол Трамп әкімшілігі мен "Грузин арманы" үкіметі арасында "ортақ құндылықтар" бар деп, ондайлардың қатарында Украинадағы соғысқа және "ЛГБТ насихаты" дегенге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін атап жазған.

Кобахидзе АҚШ-тың бұрынғы әкімшіліктері мен "тұңғиық мемлекет" деп аталып жүргенді "Грузин арманы" партиясының саяси бәсекелестеріне жәрдемдесіп, "революциялар ұйымдастырды" деп айыптаған. Осыған байланысты ол Джо Байден әкімшілігі грузин саясаткерлері мен шенеуніктеріне қарсы енгізген санкцияларды Трамп әкімшілігінің әлі күнге дейін алып тастамағанына таң қалып отырғанын айтқан. Ол бұл санкциялар Грузия билігі [АҚШ-тың] USAGM агенттігі қаржысына ұйымдастырылған делінген революция жасау талпынысының алдын алғандықтан салынған деген пікірде. Бұған қоса Кобахидзе қазіргі кезде АҚШ Конгресі талқылап жатқан Грузияға қатысты санкцияларды күшейту туралы заң жобасын орынсыз деп атады. Бұл заң жобасын АҚШ-та демократтар мен республикашылдардың көпшілігі қолдап отыр.

АҚШ әкімшілігі өкілдері Грузия премьерінің хатына әзірге жауап берген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ "Грузияда демократияны бұзғандарға" виза беруге шектеу енгізбек

Кобахидзе хатында сынға алған санкцияларда АҚШ былтыр Грузияда парламент сайлауынан кейін басталған наразылықтарды қатаң түрде басып-жаншығаны үшін Грузия билігіне қарсы енгізген.

Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, биліктегі "Грузин арманы" партиясы тағы да жеңіске жеткен. Оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланған деп есептейді.

АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі сонымен қатар Грузия билігін демократиялық қағидалардан алыстап жатыр деп айыптап, бұл елмен стратегиялық серіктестігін тоқтататынын мәлімдеген. Қазіргі кезде Трамп әкімшілігі Тбилисиге қатысты ешқандай жаңа шешім қабылдаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тбилисиде полиция шеруді күшпен таратты. Наразылық жалғасып жатыр