Дархан Кәлетаев Қазақстанның Украинадағы елшісі қызметінен босатылды. Оның орнына Төлежан Барлыбаев келді. 17 сәуірде тиісті жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды.
52 жастағы Дархан Кәлетаев 2020 жылы 22 ақпанда Украинадағы елші болып бекітілген еді. Ол елші болып тұрған тұста 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген.
Кәлетаев 2019 жылы наурыз бен желтоқсан айларында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. Қалетаев бұл қызметке наурыз айында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, орнына Тоқаев келгеннен кейін тағайындалған. Ол 2018 жылдың шілде айы мен 2019 жылдың ақпан айы аралығында қоғамдық даму министрі болған еді.
Ал 54 жастағы Төлежан Барлыбаев 2022 жылдың наурызынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қазақстанның Словакиядағы елшісі болған. Оның алдында да Еуропаның бірқатар елдерінде елші қызметін атқарды. Бұрын президент әкімшілігінде түрлі қызмет істеген.